Трамптың ықпалы
25 маусымда Нидерландының Гаага қаласында өткен НАТО саммитінде альянсқа мүше мемлекеттер көшбасшылары 2035 жылға қарай қорғаныс шығындары көлемін күрт арттыруға – елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) бес пайызына дейін жеткізуге келісті. Бұл туралы саммит қорытындысы бойынша қабылданған декларацияда айтылған.
Бұл шешім АҚШ президенті Дональд Трамп үшін үлкен жеңіс болды және оған қоса одақтас елдердің біріне шабуыл жасалған жағдайда барлығы бірігіп көмекке келетіні жайлы өзара міндеттемелері берік күшінде екенін қуаттады, деп жазды Азат Еуропа/Азаттық радиосының журналисі Рикард Йозвяк.
НАТО бас хатшысы Марк Рюттенің альянс басшысы ретінде өткізген алғашқы саммитіндегі басты мақсаты – осы жиынға АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуын және 2018 жылы Брюссельдегі кездесуде болғандай дүрбелең тудырмауын қамтамасыз ету болатын. Ол кезде Трамп АҚШ-ты альянстан шығара жаздаған еді, ал бұл жолы Рютте көздеген мақсатына жетті, деп жазды журналист.
Бесінші бап
Саммиттің қорытынды декларациясы ешқандай дау-дамайсыз қабылданды. Онда Ресейді еуроатлантикалық қауіпсіздікке төнген "ұзақ мерзімді қауіп" деп нақты атап көрсетті және альянс мүшелері НАТО жарғысының бесінші бабына – өзара қорғаныс жөніндегі міндеттемеге адал екенін растады.
Бұл бап – әскери одақтың негізгі қағидасы саналады. Онда НАТО-ға мүше 32 елдің біріне жасалған шабуыл альянс мүшелерінің бәріне жасалған шабуыл ретінде қарастырылатыны айтылған. Саммит қарсаңында америкалық түрлі ресми тұлғалар АҚШ бұл міндеттемеге толықтай адал екенін мәлімдегенімен, Трамп Нидерландыға саммитке аттанар алдында журналистерге берген сұхбатында "бесінші баптың бірнеше анықтамасы бар" деп мәлімдеген еді.
Оның бұл сөзі Еуропа дипломаттарын біраз уақыт алаңдатып қойды, деп жазды Йозвяк. Азат Еуропа/Азаттық радиосына аты-жөнін атамауды сұрап, пікір білдірген дипломаттар бесінші баптың жалғыз анықтамасы бар деді, бірақ біреуіне шабуыл жасалған жағдайда одақтастардың қандай көмек көрсетуі керектігі жөнінде әртүрлі түсініктеме болуы мүмкін екенін айтты.
Украинаны альянсқа қабылдау мәселесі, Трамп пен Зеленский кездесуі
2023 жылы Вильнюсте және 2024 жылы Вашингтонда өткен НАТО саммиттері Украинаға альянсқа мүше болуға тікелей шақыру жасамай-ақ, оны НАТО-ға жақындатудың жолдарын іздеуге арналған-ды. Сол кездесулерде Украина президенті Владимир Зеленский ең көп назарға іліккен тұлға болды – ол НАТО-ға мүше мемлекеттерді соғыс отына оранған Украинаға әскери және дипломатиялық тұрғыда көбірек қолдау көрсетуге үндеді.
Дональд Трамп АҚШ президенті қызметіне кіріскен соң көп ұзамай Украинаның жуық арада НАТО құрамына кірмейтінін ашық айтқан және содан кейін бұл мәселе күн тәртібінен түскен.
Гаага декларациясы – саммит тарихындағы ең қысқа құжат болды. Онда Украинаның альянсқа мүшелігі жөнінде бірде-бір сөз жоқ. НАТО қатарына жаңа мүше қабылдауға емес, қайтадан ұжымдық қорғанысқа басымдық берілген.
НАТО саммитінің жалпы отырысынан кейін АҚШ пен Украина президенттері кездесті. Владимир Зеленский ол кездесуді "ұзақ әрі мазмұнды" болды деп сипаттап, онда "шынымен маңызды мәселелердің барлығы" талқыланғанын жазды. Трамп та Зеленскиймен кездесу "керемет" болғанын айтты.
Баспасөз мәслихатында Трампқа Вашингтон Украинаға Patriot зениттік-зымыран кешендерін сатуға дайын ба деген сұрақ қойылды. Трамп: "Оларды бере аламыз ба, көреміз. Білесіз бе, оларды алу өте қиын", – деп жауап қатты.
Сарапшылар не дейді?
"Настоящее Время" телеарнасы америкалық саясаттанушы Александра Филиппенко мен украиналық сарапшы Владимир Фесенкодан НАТО саммитінің қорытындылары туралы пікір сұрады.
"Жеке дипломатия сәтті өтті – барлығы Трампты риза қылуға тырысты. Ол расымен де саммитке және кездесулерге разы болды. Бұл – оның Ақ үйден аттанар алдындағы ренжулі көңіл күйінен мүлде өзгеше. Ол кезде Трамп Израиль мен Иранды сынға алып, CNN мен New York Times журналистеріне қатты шүйліккен еді, – деді Александра Филиппенко. – НАТО іс жүзінде Трамптың талаптарына бейімделді. Қорғанысқа қосымша шығын бөлу туралы міндеттемелер орындалуы да, орындалмауы да мүмкін. Сондықтан қорытынды коммюникеде бес пайыз бөлуге НАТО елдерінің бәрі келісті деп емес, тек "елдер келісті" деп жазылған. Ал Украина мәселесі сәл кейінге ысырылды – бұл да Трамптың ыңғайына қарай бейімделудің бір көрінісі. Сондықтан оның бұл саммиттен неге риза болмасын?".
НАТО саммиті оған қатысқан елдер үшін сәтті өтті деген пікірге Владимир Фесенко да қосылады.
"Бәрінің иығынан ауыр жүк түскендей болды, себебі саммит ешқандай дау-дамайсыз, әсіресе Украинамен байланысты мәселелер шиеленіссіз өтті. НАТО да, АҚШ та альянс құрамында қалады. Бұл – біз үшін аса маңызды нәрсе. Мейлі, екінші мәрте талпыныспен болса да, Трамппен кездесу өтті. Трамптың эмоциясына қарағанда, ол жақсы өткен сияқты. Дәл осы жағдайда Трамптың эмоциясы – басты индикатор. Мен бұл саммитті Украина үшін сәтсіз болды деп есептемеймін. Керісінше, қазіргі жағдайда біз мүмкін болғанның бәрін алдық. НАТО саммитінің ықшамдалған қорытынды құжатында Украинаға қолдау көрсету жалғасатыны жөнінде жеке тармақ бар. Қазір бізге керегі де – осы. НАТО-ға әйтеуір мүше боласыңдар деген құрғақ уәделер мен болашақта қашан болары белгісіз бұлыңғыр сөздер емес. Бұл әлгі анекдоттағы: "Сізге таксидің сыртқы белгісі керек пе, әлде діттеген жерге жеткеніңіз маңызды ма?" деген сияқты нәрсе ғой. Бізге қазір жүру керек. Ол үшін қару-жарақ пен әскери-экономикалық көмек қажет. Ал "такси белгісі" – яғни НАТО-ға мүше болу мәселесі – Трамптан кейін шешіледі. Трамп кезінде Украинаның НАТО құрамына мүше болуына ешқандай мүмкіндігі жоқ, Байден тұсында да ондай болмаған", – деді украин сарапшысы Владимир Фесенко.
ПІКІРЛЕР