– Ғалым мырза, Думан Мұхаммедкәрімге қашан кіріп шықтыңыз?
– 23-24 маусымда №60 түзеу мекемесінде отырған Думанға кіріп шықтым. Думан қазір тәртіп изоляторында отыр. Осы сәуірде (19.04.2025) отырғызылған, 19 тамызға дейін сонда болады. Өйткені түрме киімін кимей, әжетхана жуудан бас тартқаннан кейін оған жаза берген. Тамыз айында шыққаннан кейін бірден жалпы камераға емес – баракқа жібереді. Өйткені ол түрме киімін кимей жатыр.
– Думан Мұхаммедкәріммен бетпе-бет жүздестіңіз. Жағдайы, денсаулығы қалай?
– Думанмен екі күнде бірнеше сағат бойы сөйлестік. Көңіл-күйі қалыпты. Ол жауынгер ғой. Күрескер. Бірақ денсаулығы нашар, бүйрегі, жамбасы ауырады. Протрузиясы бар. Қатты ауырады екен. Өзі "шал болып кеттім, отырсам тұра алмаймын, тұрсам отыра алмаймын" дейді. Еркін жата алмайды. Белі, арқасы ауырады. Ары-бері дөңбекшумен боламын дейді.
Мекеме бастығымен сөйлескен кезде оны емдету мақсатында 30 маусымда ауруханаға апарылатынын айтты.
Биыл ақпан айында әкімшілік Думанға жолдама жіберген. Думанды [қоныстандыру] колониясына ауыстыру туралы. Бірақ Думан "мен сендерге сенбеймін, ешқайда ауыспаймын. Билік алдап жатыр. Бас тартамын, қол қоймаймын. Ешқандай келіссөзге бармаймын, ешқандай өтініш жасамаймын" деп үзілді-кесілді бас тартқан.
Аштық жариялауға денсаулығы жарамайды. Наурыз айынан бастап ол ешқандай шағым, хат жазбай жатыр. Наразылық ретінде. Өз айтуынша, шағым жазса да қабырғаға айтқанмен тең. Ешқандай әрекет жасамайды.
– Бұған дейін Думан Мұхаммедкәрімнің жазаны жұмсарту туралы өтініш жазудан бас тартқанын айтқансыз. Ал рақымшылық ше?
– Жалпы 7 жыл жаза мерзімінің 2 жыл 8 айы өтті. Оның жазаны жұмсарту туралы өтініш жазуына құқығы бар болса да, ол одан бас тартқан. Амнистияға да келмейді. Амнистия туралы заңда нақты жазылған: экстремизм бойынша айыпталғандар оған жатпайды деп.
– Қазір Қызылордада күн қайнап тұр. Шілде, маусым айларында өте ыстық болып жатыр. Ал мұндай кезде түрмеде жағдай одан бетер қиын шығар.
– Сол себепті қазір көбі серуенге шықпайды. Өйткені күн қайнап тұр. Ол сыртқа шықсаң ыстық дейді, сондықтан ішінде жатамын деді. (Түрме әкімшілігі бұған дейін Думан Мұхаммедкәрімге 40 градус ыстық кезде бір сағат далада серуендеуді ұсынған, ол бас тартқан – құқық қорғаушылар). Бірақ камерада да қапырық. Кішкентай камера. Желдеткіш жоқ. Жалғыз адамдық камера.
– Оның көлемі қанша болады?
– Нақты көлемін сұраған жоқпын. Думанның айтуынша, өте тар. Ол жерде тек бір орындық бар. Төсек түнгі сағат 10-да ашылады. Сағат 6-да жабады. Жататын орын жоқ.
Әкімшіліктен қысым тыйылған жоқ. Ол түрме киімін кимегендіктен оған қысым көрсетіп жатыр.
– Оған туыстарымен кездесуге мүмкіндік беріп жатыр ма?
– Бұған дейін бір рет әкесімен кездескен. Жалпы тәртіп изоляторында отырған кезде туыстарымен кездесуге тыйым салынған. Тек адвокатымен ғана сөйлесе алады.
- Ол осымен төртінші рет тәртіп изоляторына қамалып отыр ма? Бұған дейін Азаттық былтыр желтоқсанда, оны Қызылордаға ауыстырғаннан кейін, түрме әкімшілігі оны әуелі бір апта, одан кейін бір ай, одан кейін екі айға тәртіп изоляторына қамағанын жазған.
– Ол тәртіп изоляторынан көз ашпай келеді. Шықса, бір-екі күн отырады да, сосын қайта қамайды.
– Оны не үшін басқа колонияға ауыстырғысы келген?
– Білмеймін, саяси қадам болуы да мүмкін. Ол жағын білмеймін, қандай мақсат көздегендерін. Бәлкім, "арыз жазды, міне біз бас тарттық немесе қанағаттандырдық" деп айтуы мүмкін. Думан қылмыс жасамағанын, өзіне шыққан үкім заңсыз екенін айтып отыр. Айыпты мойындамайды. Өзінің түрмеде заңсыз отырғанын айтып отыр.
Бұған дейін бір кісілер маған да, Алмас ағаға да (Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі) хабарласып, "Думан осылай айтып жіберді" деп айтқан. Осыны Думаннан сұрап едім ол "мен ешкімге ешқашан өтініш айтқан жоқпын, айтпаймын да" деп мұндай нәрселерге сенбеу керектігін айтты.
ПІКІРЛЕР